09
март
2023
АСЫЛ АЗАМАТ, АРДАҚТЫ ҰСТАЗ, БІЛГІР БАСШЫ...
АСЫЛ АЗАМАТ, АРДАҚТЫ ҰСТАЗ, БІЛГІР БАСШЫ...
Педагогикалық қызметін қарапайым мектеп мұғалімінен бастап басшылықтың шеберлігіне жеткен ұстазымыз, бүгін көзі тірі болса 70-тің биігіне шығатын Таңатқан Қалибекұлы Түменбаев өз тәжірибесін бақылай және талдай алатын, туындаған нақты жағдайға байланысты аса бір сезімталдықпен жылдам да тапқыр, әрі дәл шешімдер қабылдай білетін жан еді. Ол сонымен қатар қоғамдық өмірдегі өзінің азаматтық ролін дұрыс түсінетін, саяси сауаттылығы жоғары маман болатын.
Орта білім беру саласында жас жеткіншектерді көп жылдар үзбей білім нәрімен сусындатып, жоғары сапалы тәрбие беруді асқан біліктілікпен ұйымдастырып, басшылық жасай білген Таңатқан Қалибекұлы көп жылғы еңбегі нәтижесінде «Құрмет» орденінің иегері, «ҚР білім беру ісінің үздігі», «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері», жоғарғы санатты орыс тілі пәнінің мұғалімі, «Қазақстан Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасы Конституциясына 10 жыл», «Ерен еңбегі үшін» медальдарының және Облыс ардагерлер алқасының «Алғыс» төсбелгісінің, Білім және ғылым министрлігінің және бірнеше республиканың жоғарғы оқу орындарының ректорларынан Мадақтамалар мен Алғыс хат, облыстық, қалалық грамоталардың иегері атанды.
Таңатқан Қалибекұлының әр оқушыға деген ерекше ықыласын, білікті, заман талабына сай басшы болғанын атап өту қажет. Дарынды оқушыларды дамытып-тәрбиелеуде, талабын ұштауда олардың үш тілді еркін меңгеруіне көп көңіл бөлді. Өскелең ұрпаққа заман талабына сай білім мен тәрбие беру жолында Таңатқан Қалибекұлының талмай еңбектеніп, маңдай терін төгіп істеген жұмыстары бір төбе. Осындай қыруар еңбектің арқасында 2000 жылы О.Бөкей атындағы мектепке «Лицей» мәртебесі берілді, мектепке бірыңғай форма енгізді, оқушылар мемлекеттік туымызбен түстес галстук тақты, көрген адам көңілі толатын, мұзтаудай биік білім мен ғылым шыңына шақыратын Төсбелгі де дүниеге келді. Мектептің жетістіктерін халыққа жеткізу үшін лицейде кеуде керіп мақтана алатын үш тілдегі «Өр Алтай» газетінің, мектепті өзгелерден ерекшелеп тұратын рәміздеріміздің қабылдануы да Таңатқан Қалибекұлының бастамасы.
Оның ұстаз, депутат ретіндегі ойлары көпшіліктің қажеттіліктерімен тоғысып жататын. Біз білетін бір ғана мысалды алсақ, «Педагог мәртебесі» туралы заң мектепке, жалпы қоғамға ауадай қажет»-деп облыста алғаш үн көтерген де Таңатқан Қалибекұлы болатын. «Мұғалім деген қандай болуы керек? Оның нақты міндеті, дәрежесі мен мәртебесі, жалақысы мен әлеуметтік жағдайы қандай болуы тиіс? Міне, келешекте шығатын заңда осы мәселелердің бәрі қамтылуы керек», -деген ойларымен аталмыш Заңның бүгінгі дәрежеде қабылдануына өзіндік үлесін қосты. Сондай-ақ. Ұлы ұстаз, Қазақтың Қанипасы –Қ.Бітібаеваның атына көше беруде бастама көтергендердің бірі де осынау асыл азамат еді. Сол игі істің нәтижесінде Өскемен қаласындағы Амур улица Қ.Бітібаева атына ауыстырылды. Жаза берсек, Т.Түменбаевтың азамат, ұстаз ретінде атқарған істері бір адамның саналы ғұмырына татырлық.
Таңатқан Қалибекұлы облыс мектептерінің «Өрлеу «Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы ШҚО бойынша кәсіби даму институтымен бірлескен жұмыстарында да белсенділік танытатын. Министрліктің тікелей қарамағындағы біліктілікті арттыру жүйесінің жаңашыл идеялары мен бастамаларын қолдап, облыс мектептерінің тәжірибесіне енгізіліп, қолданылуына ұйытқы болатын. Филиал ұйымдастырған ауқымды іс-шараларға қатысып, өзінің ұтымды ойлары мен көзқарастарымен бөлісетін, әрдайым ұстаздар қамын ойлап, олардың педагогикалық шеберліктерін шыңдауға, кәсіби біліктіліктерін арттыруға ұмтылатын.
Өскелең жас ұрпақтың отансүйгіштік қасиетін мектеп табалдырығынан оятып, қандай да бір жағдай болса өз елін, өз жерін, өз Отанын қасық қаны қалғанша қорғайтын азаматтарды тәрбиелеу және осы қасиеттегі азаматтық позициядағы өзінің депутаттық қызметінде халықтың жағдайын жасауға атсалысу да - Таңатқан Қалибекұлының алдына қойған мақсаты болатын. Өзінің батыл ойларын жоғарыдағы билік, мемлекеттік ұйымдарға жеткізіп, қарапайым халықтың мұң-мұқтажын ойлап, олардың қамын жеген азамат облыстың көркеюіне, оның ішінде педагог қауымының, қазыналы қарттардың жағдайын жасауда көп еңбек сіңірді.
Ел игілігі үшін еңбекпен етене араласып, жарқын болашаққа қарымды қадам жасаған ардақты азамат, ұлағатты ұстаздың өмірі қиындық пен қуанышқа толы болды десек қателеспеспіз. Осынау үлкен ұғымдағы азаматтық борышқа, ұстаздық қасиетке барынша адалдық танытып, бар саналы ғұмырын осы салаға арнаған. шәкірттеріне ілмейтінді ілдірген, білмейтінді білдірген, санаға ақыл ұялатқан, арманды алдан қиялатқан, сан шәкіртіне адалдықтың дәнін сепкен Таңатқан Қалибекұлының елінің есінде, артында қалған өнегелі істері баршамызға үлгі. Асыл ағаның рухы жәннаттан орын алсын, ұрпақтары асыл жарының ақ батасы, тілеуімен қанаттанып, өсіп-өне берсін. Әкелеріндей ел-жұрттың қамын ойлаған, қызмет ететін азаматтар болсын!
Өрлеу Біліктілікті Арттыру
Ұлттық Орталығы АҚ-ның
Шығыс Қазақстан облысы бойынша
«Кәсіби даму институты» филиалының
директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты
Гаухар Сайлаубекқызы